Мәсіхшінің суға шомылдыру рәсімінен өтуі неліктен маңызды?




Сұрақ: Мәсіхшінің суға шомылдыру рәсімінен өтуі неліктен маңызды?

Жауап:
Киелі кітап бойынша мәсіхшінің суға шомылдыру рәсімінен өтуі - оның өмірінде болған керемет өзгерісті, демек, оның жаңадан туылғанын растайтын оқиға болып табылады. Яғни, осы рәсім Мәсіхке сенетін адамның Мәсіхпен бірге өліп, жерленіп, қайта тірілгенін білдіреді. Киелі кітапта былай айтылған: «Өздерің жақсы білесіңдер: Иса Мәсіхпен тығыз байланысқан бәріміз Онымен бірге рухани өлдік. Шомылдыру рәсімінен өткенде соны білдірдік. Демек, Мәсіхпен тығыз байланысқан біздер Онымен бірге рухани «өліп, жерлендік». Сонымен, Құдай Әке Өзінің ұлы құдіретінің арқасында Мәсіхті өлімнен қайта тірілтіп, жаңа өмір бергендей, біз де енді жаңаша өмір сүруіміз керек!» (Рим. хат 6:3-4). Шомылдыру рәсімі кезінде сенушінің суға батқаны оның Мәсіхпен бірге жерленгенін, ал судан шыққаны оның Мәсіхпен бірге қайта тірілгенін білдіреді.

Суға шомылдыру рәсімінен өтпекші болған адамға екі талап қойылады: (1) осы адам Исаны өзінің Құтқарушысы ретінде қабылдап, Оған сенім арту керек; (2) осы адам шомылдыру рәсімінің нені білдіретінін түсіну керек. Егер адам Иса Мәсіхті өзінің Құтқарушысы ретінде қабылдап, Оның Кім екенін білсе және суға шомылдыру рәсімінің нені білдіретінін түсінсе, онда бұл адамның осы рәсімнен өтуіне кедергі жасаудың қажеті жоқ, өйткені ол өзінің шынайы сенімін ашық жарияламақшы болып тұр. Киелі кітап бойынша сенушінің суға шомылдыру рәсімінен өтуі оның Құдайға бағынғанын және Мәсіхті құтқарылудың жалғыз жолы деп қабылдағанын көрсетеді. Бұл - өте маңызды қадам, өйткені осы қадам арқылы сенуші өзінің Мәсіхке сенім артатынын және Мәсіхпен бірге өліп, жерленіп, қайта тірілгенін көпшіліктің алдында жариялап, өмірін Құдайға бағыштайды.



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз



Мәсіхшінің суға шомылдыру рәсімінен өтуі неліктен маңызды?