Иса өлгеннен кейін қайта тірілгенінше үш күн бойы қай жерде болды?




Сұрақ: Иса өлгеннен кейін қайта тірілгенінше үш күн бойы қай жерде болды?

Жауап:
Петір. 1-хаты 3:18-19 аяттарында былай айтылған: «Мәсіх те әділ бола тұра, әділетсіздер үшін азап шекті. Ол бізді Құдаймен табыстыру үшін күнәларымызға бола біржола өмірін қиды; тәнінде өлтірілді, ал рухани денемен тірілді. Осы рухани денесімен Мәсіх о дүниеге де барды. Ол сол жерде, өлген адамдардың жандары қамалған орында оларға Өзінің жеңісін жариялады».

18 аяттағы «рухани денемен тірілді» деген сөз бен «тәнінде өлтірілді» деген сөздің арасында маңызды байланыс бар. Бұл жерде Мәсіхтің тәні мен рухы туралы айтылып тұр. Мәсіхтің «рухани денемен тірілгені» мынаны білдіреді: Мәсіх адамзаттың күнәларын Өз мойнына алып өлген кезде Оның адами рухы Құдайдан ажырады (Матай 27:46). Матай 27:46 және Рим. хат 1:3-4 аяттарында тән мен рухтың арасындағы айырмашылық туралы айтылады. Иса адамзаттың күнәсының құнын төлегеннен кейін Оның Рухы қайтадан Құдаймен байланыс орнатып, ары қарай қарым-қатынасын жалғастырды.

Петір. 1-хаты 3:18-22 аяттарында Мәсіхтің азабы (18-аят) мен Оның ұлылыққа кеңелуінің (22-аят) арасында болған керемет оқиға туралы айтылады. Осы екі жағдайдың арасында болған оқиға туралы Петір ғана анық мәлімет береді. 19-аятта Мәсіх «Өзінің жеңісін жариялады» деп айтылған. Иса азап шегіп, айқышта өлді және Оның денесі жерленді. Ол бүкіл адамзаттың күнәларын Өз мойнына алған кезде Оның Рухы да өлді. Алайда Құдай Оның Рухын тірілтті. Петірдің айтуы бойынша Иса өлгеннен кейін, қайта тірілер алдында «өлген адамдардың жандары қамалған орында оларға» ерекше үндеу жасапты.

Петірдің хатында «адамдардың рухтары» емес, «адамдардың жандары» деп жазылған (3:20). Жаңа келісімде «рухтар» деген сөз адамдарды емес, жындар мен періштелерді сипаттағанда қолданылады; осыны біз 22-аяттан байқаймыз. Сонымен бірге Исаның тозаққа барып келгені туралы Киелі кітаптың еш жерінде айтылмаған. Елшілер.істері 2:31 аятында Исаның «о дүниеде» болғаны туралы жазылған, бірақ осы «о дүниенің» тозақ болғанын немесе болмағанын біз нақты білмейміз. Басқа ұлттар сол жерді «Хейдз» деп атайды. «Хейдз» - өлілер уақытша болатын жер, сол жерде олар өздерінің қайта тірілуін күтеді. Аян 20:11-15 аяттарында негізгі тозақ пен осы жердің арасындағы айырмашылық туралы айтылады. Тозақ - Құдайдан бас тартып, Одан ажырағандарға арналған тұрақты орын, ал «Хейдз» - уақытша орын.

Иеміз Иса Мәсіх Өзінің Рухын Құдай Әкеге тапсырғаннан кейін қайта тірілер алдында өлгендердің жандары қамалған орынға барып, сондағы рухтарға (бәлкім жындарға; Яһуданың хатының 6-аятын қараңыз) үндеу жасады. Петір. 1-хаты 3:20 аятынан біз осы рухтардың Нұх пайғамбардың заманындағы оқиғаларға қатысы бар екенін көреміз. Исаның осы қамалған рухтарға не дегені туралы осы хатта айтылмаған, бірақ Иса оларға құтқарылу туралы жағдайды жарияламаған шығар, өйткені біз жындардың ешқашан құтқарыла алмайтынын білеміз ғой (Еврей. хат 2:16). Иса шайтанды және жындарды жеңгенін жариялаған болар (Петір. 1-хаты 3:22; Қолос. хат 2:15). Ефес. хат 4:8-10 аяттарында Исаның «жұмаққа» барғанда (Лұқа 16:20; 23:43) Оның өліміне дейін Оған сенген адамдардың барлығын ертіп кеткені туралы айтылатын сияқты. Бұл үзіндіде осының қалай болғаны туралы нақты айтылмайды, бірақ Киелі жазбаны зерттейтін ғалымдар «тұтқындарды ертіп жүрді» деген сөздерді осы жағдайға (яғни Исаның Өзіне сенетіндерді жұмаққа алып кететініне) байланыстырады.

Сонымен, Киелі кітапта Мәсіхтің өлгеннен кейін қайта тірілуіне дейін не істегені нақты айтылмаған. Дегенмен Ол Өзінің жеңісін жындарға және/немесе сенбеушілерге жариялағандай көрінеді. Бір бір нәрсеге нық сене аламыз: Иса сол кезде құтқарылғысы келген адамдарға екінші мүмкіндікті берген жоқ. Киелі кітап бізге екінші мүмкіндік емес, қиямет соты туралы айтады. Ал Исаның өлгеннен кейін қайта тірілгенше нақты не істегені Құдайдың құпиясы болып қала бермек. Біз Құдайдың даңқын көретін күнімізге жеткен кезде осы құпияны білетін болармыз.



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз



Иса өлгеннен кейін қайта тірілгенінше үш күн бойы қай жерде болды?