settings icon
share icon
Сұрақ

Иса Құдай ма? Иса Өзін Құдай деп атады ма?

Qazaq

Жауап


Киелі кітапта Исаның «Мен – Құдаймын» дегені жазылмаған. Дегенмен бұл Оның Өзін Құдай деп санамағанын білдірмейді. Жохан 10:30 аятында Иса: «Әкем Екеуіміз біртұтаспыз» дейді. Осы сөздерді мысалға алайық. Бұл сөздерге бірінші қарағанда Иса Өзін Құдай деп атамағандай көрінеді. Алайда осы сөздерді естіген еврейлердің серпілісіне қарайық. Олар Исаға: «Сені игі ісің үшін емес, Құдайды қорлағаның үшін тас лақтырып өлтірмекпіз. Сен адам бола тұра, Өзіңнен Құдай жасағың келеді!» - деді (Жохан 10:33). Демек еврейлер Иса Өзін Құдай деп атады деп пайымдады. Келесі аяттарда біз Исаның: «Мен Өзімнен Құдай жасаған жоқпын» - деп ақталғанын көрмейміз. Яғни Иса Өзінің Құдай екенінен бас тартпады. Ол: «Әкем Екеуіміз біртұтаспыз» дегенде Өзінің Құдай екенін жариялады (Жохан 10:30). Осы жайлы тағы бір мысал - Жохан 8:58. Иса: «Сендерге маңызды шындықты айтайын: Ыбырайым тумастан бұрын-ақ Мен бар болатынмын» - деді. Бұл жерде де еврейлер Оны тас лақтырып өлтірмекші болды. Неліктен? Өйткені Иса Өзін Құдай деп атады, ал еврейлерге бұл сөздер Құдайды балағаттаумен тең болған (Жохан 8:59).

Жохан 1:1 аятында: «Сөз Құдай еді», ал Жохан 1:14 аятында: «Сөз адамға айналып, арамызда өмір сүрді» деп жазылған. Бұл сөздер Исаның адам кейіпінде келген Құдай екенін білдіреді. Елшілер. істері 20:28 аятында былай делінген: «Шопан қойын қалай бақса, сендер де Құдай Иеміздің өз қанын төгіп, иемденген қауымына солай қамқор болыңдар!». Кім қауым үшін Өз қанын төгіп, оны иемденді? Иса Мәсіх. Елшілер. істері 20:28 аятынан біз Құдайдың қауымды Өз қанымен сатып алғанын білеміз. Сондықтан Иса – Құдай!

Исаның шәкірті Тома өзінің Ұстазына: «Ием менің, Құдайым менің!» - деді. Иса оны түзетпеді. Тит. хат 2:13 аяты бізді Құдайымыз әрі Құтқарушымыз – Иса Мәсіхті күтуге жігерлендіреді (Петір. 2-хаты 1:1 аятын да қараңыз). Еврей. хат 1:8 аятында Құдай Әке Иса туралы былай дейді: «Уа, Құдай, Сенің тағың сақталады мәңгілік, жүргізесің Патшалығыңа әділ билік».

Аян кітабында періште елші Жоханды жалғыз Құдай ғана табынуға жігерлендіреді (Аян 19:10). Иса Киелі жазбаның бірнеше жерінде мадақталады (Матай 2:11; 14:33; 28:9,17; Лұқа 24:52; Жохан 9:38). Адамдар Исаға табынған кезде Ол оларды ешқашан әшкерелемейді. Егер Иса Құдай болмағанда онда Ол, Аян кітабындағы періштедей, адамдарға Оған табынуға тыйым салар еді. Киелі жазбада Исаның Құдай екенін растайтын аяттар мен үзінділер көп.

Иса Құдай болуға тиісті, мұның ең маңызды себебі мынандай: егер Ол Құдай болмағанда Оның өлімі бүкіл адамзаттың күнәларының құнын өтеуге жетпес еді (Жохан. 1-хаты 2:2). Осындай орасан әрі шексіз құнды Құдай ғана төлей алатын еді. Бүкіл адамзаттың күнәларын Өз мойнына алып, өліп, қайта тірілу – Құдайдың қолынан ғана келетін іс (Қорынт. 2-хаты 5:21), осы арқылы Құдай Өзінің өлім мен күнәны жеңгенін дәлелдеді.

English



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз

Иса Құдай ма? Иса Өзін Құдай деп атады ма?
© Copyright Got Questions Ministries