settings icon
share icon
Сұрақ

Мен мұсылман бола тұра неге мәсіхшіге айналуым керек?

Qazaq

Жауап


Ислам мен мәсіхшіліктің арасындағы байланысты талдаған кезде Құрандағы Иса туралы айтылған пайымдаулар ең қызық тақырып болып шығады. Құранда Иса жайлы мынандай нәрселер айтылады: Алла Исаны адамзатқа жіберіп, Оның бойына Киелі Рухты дарытты (Сүре 2:87); Алла Исаны мақтады (Сүре 2:253); Иса күнәдан таза әрі діндар Тұлға болған (Сүре 3:46; 6:85; 19:19); Иса өлімнен қайта тірілді (Сүре 19:33-34); Алла Исаға жаңа дін жасауды бұйырды (Сүре 42:13); Иса көкке көтерілді (Сүре 4:157-158). Осының нәтижесінде шынайы мұсылмандар Исаның ілімімен танысып, Оның ережелеріне мұйынсұну керек (Сүре 3:48-49; 5:46).

Исаның шәкірттері Оның айтқанын жазып, Оның ілімін адамзатқа Інжіл (Ізгі хабарлар) арқылы жеткізді. 5-сүренің 111-аятында Алла осы шәкірттерге Исаға және Оның хабарына сенуді бұйырады. 61-сүренің 6,14-аяттарында Иса мен Оның шәкірттері Алланың көмекшілері ретінде сипатталады. Исаның шәкірттері шынымен Алланың көмекшілері болса, онда олар Исаның ілімін дәлме-дәл әрі дұрыс жазған болар. Сонымен бірге Құран мұсылмандарға Таурат пен Інжілде жазылғанға бағынып, оның барлығын орындауды бұйырады (Сүре 5:44-48). Егер Иса шынымен күнәсыз әрі таза Тұлға болса, оның үйреткен ілімі сөзсіз дұрыс болу керек. Тағы мынаны айта кетейік: Исаның шәкірттері шынымен Алланың көмекшілері болса, онда олар Исаның ілімін қағазға дәлме-дәл әрі дұрыс түсірген болар.

Алла Мұхамет пайғамбар арқылы мұсылмандарға Інжілді зерттеуді бұйырады. Егер Інжіл бұрмаланған және бүлінген болғанда Құдай осындай нұсқау бермес еді. Бұл жағдай Мұхаметтің заманындағы Інжілдің көшірмелерінің сенімді әрі дұрыс болғанының дәлелі. Інжілдің көшірмелері тіпті Мұхамет өмір сүрген кезден 450 жылдай бұрын бар болған. Негізінде әлемде Інжілдің мыңдаған көшірмелері бар. Інжілдің көне көшірмелерін де, Мұхаметтің заманындағы және одан кейінгі көшірмелерді де бір-бірімен салыстырған кезде олардағы Иса мен Оның ілімі жайлы мәліметтің еш өзгермегенін байқауға болады. «Інжіл бұрмаланған» деген қате пікірді қолдайтын ешқандай дәлел жоқ. Сонықтан біз мынаған нық сене аламыз: Исаның ілімі дұрыс әрі шынайы; Інжілде Исаның ілімі жайлы жазылғанның бәрі дұрыс; Алла Тағала Інжілді бұрыннан бері қорғап сақтап келеді.

Ал Інжілде Иса туралы не жазылған? Жохан 14:6 аятында Иса былай дейді: «Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды». Иса Өзінің Құдайға апаратын жалғыз жол екенін айтты. Матай 20:19 аятында Иса Өзінің айқышқа шегеленіп өлтірілетінін және үшінші күні өлімнен қайта тірілетінін айтады. Біз Ізгі хабарларды оқыған кезде осының бәрінің Иса алдын ала айтқандай болғанын көреміз (Матай 27-28-тараулар, Марқа 15-16-тараулар, Лұқа 23-24-тараулар, Жохан 19-21-тараулар). Иса Алланың ұлы пайғамбары бола тұра неге Өзін адамдарға өлтірткізді? Алла неге осыған жол берді? Өйткені Иса: «Адамның достарына көрсететін ең зор сүйіспеншілігі – олар үшін өмірін құрбан етуі» деген (Жохан 15:13). Жохан 3:16 аятында Құдай бізді сүйгендіктен Исаны құрбандыққа берді деп айтылған.

Иса неге біз үшін өмірін қиюға мәжбүр болды? Ислам мен мәсіхшіліктің арасындағы ең басты айырмашылық осында. Ислам ілімі бойынша Алла біздің игі істеріміз бен жаман істерімізді салыстырып барып біздің тағдырымызды шешпек. Мәсіхшілік ілім бойынша адам өз жаман істерін игі істерімен ешқашан жуып шая алмайды. Адамның игі істері көбірек болғанның өзінде де мінсіз әрі киелі Алла адамды тіпті істеген бір күнәсына бола көкке кіргізбейтін еді. Демек киелі Алла көкке еш мінсіздікті жолата алмайды. Сондықтан бізге тозаққа кетуден басқа ештеңе қалмайды, өйткені киелі Алланың талабы бойынша күнәкар пенде мәңгі-бақи жазалануға тиіс. Исаның біз үшін құрбан болуының себебі осы.

Құранда айтылғандай Иса күнәсыз Тұлға болған. Адам қалайша бір де күнә жасамай өмір сүре алады? Бұл болуы мүмкін емес нәрсе. Ал Иса осыны қалай істеді? Иса жай адам болған жоқ, өйткені Ол Өзін Құдай деп атады (Жохан 10:30). Сонымен бірге Иса Өзінің Таураттағы Құдай екенін де айтты (Жохан 8:58). Інжілдегі Ізгі хабарлардың барлығы Исаның осы дүниеге адам кейіпінде келген Құдай екенін үйретеді (Жохан 1:1,14). Құдай біздің барлығымыздың күнәға батқанымызды және көкке кіре алмайтынымызды білген. Сондықтан Ол біздің күнәмыздың құнын өтеудің жалғыз жолын тапты. Құдай осындай орасан бағаны Өзінен басқа ешкімнің төлей алмайтынын да білген. Сондықтан Құдай адамға, яғни Иса Мәсіхке айналып, күнәсыз өмір сүріп (Сүрелер: 3:46; 6:85; 19:19), адамдарға мінсіз хабарды үйретіп, біз үшін өліп, біздің күнәмыздың құнын төледі. Құдай осыны бізді қатты сүйгендіктен істеді, өйткені Ол біздің Онымен жұмақта бірге болғанымызды қалайды.

Сіз осыған не айтасыз? Иса біздің күнәларымыз үшін берілген мінсіз құрбандық болған. Біз Құдайдың өзімізге бергісі келетін осы сыйлығын қабылдасақ, Ол бізді кешіріп құтқарады (Жохан 1:12). Біз Исаның өзіміз үшін, демек Оның достары үшін жанын қиғанына және біздің Құтқарушымыз болғанына сенуіміз керек. Егер сіз Исаны Құтқарушыңыз ретінде қабылдап, Оған сенім артсаңыз, онда сіз мәңгілік өмірге ие болғаныңызға және жұмаққа баратыныңызға нық сене аласыз. Құдай сіздің күнәларыңызды кешіріп, жан-дүниеңізді тазартып, рухыңызды жаңартып, осы әлемдегі өміріңізді мағыналы етіп, о дүниеде барған кезіңізде сізге мәңгілік өмір береді. Сіз осындай асыл сыйлықтан қалай бас тартпақсыз? Сүйіспеншілікке толы және біз үшін Өзін құрбандыққа берген Құдайдан біз қалай бас тартамыз?

Егер сіз өзіңіздің неге сеніп жүргеніңізді анық білмесеңіз, біз сізді бірге мінажат етуге шақырамыз: «Құдай, маған ненің шындық ненің қате екенін түсінуге көмектесші. Маған құтқарылуға апаратын дұрыс жолды көрсете гөр деп өтінемін!» Құдай осындай мінажатты жауапсыз қалдырмас.

Егер сіз Құтқарушы Исаны жүрегіңізге шақырғыңыз келсе, Құдайға әншейін дауыстап немесе ішіңізден сөйлеп, Оның Иса арқылы беретін құтқарылуын қабылдайтыныңызды айтыңыз. Сіз былай мінажат ете аласыз: «Құдай, Сенің маған деген сүйіспеншілігің үшін Өзіңе рахмет айтамын. Өзіңді мен үшін құрбан еткеніңе де мың да бір алғыс. Маған кешірім мен құтқарылуды сыйлағаның үшін рахмет. Мен Иса арқылы берілетін сыйлығыңды, яғни құтқарылуды қабылдаймын. Исаны Құтқарушым деп дәріптеп, Оған сенім артамын. Құдай Ием, мен Сені сүйемін және өмірімді Саған бағыштаймын. Аумин!»

Сіз осы жерде айтылғанды оқығаннан кейін Мәсіхті қабылдау жайында шешім жасадыңыз ба? Егер «иә» десеңіз, онда, «Мен бүгін Мәсіхті қабылдадым» деген түймені басыңыз.

English



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз

Мен мұсылман бола тұра неге мәсіхшіге айналуым керек?
© Copyright Got Questions Ministries