settings icon
share icon
Сұрақ

Киелі кітапта басқа ұлттың немесе нәсілдің өкілдерімен неке құру жайлы не айтылған?

Qazaq

Жауап


Көне келісімнің заңы бойынша исраилдіктерге басқа ұлттың адамдарымен неке құруға болмайтын (Заң. қайталау 7:3-4), өйткені олар осылай істеген жағдайда басқа ұлттың адамдары исраилдіктерді Жаратқан Иеден бас тартқызып, бөтен тәңірлерге құлшылық еткізетін еді. Жаңа келісімде осыған ұқсас ереже бар, алайда ол басқа деңгейде беріледі: «Сенбейтіндермен қоян-қолтық бірге жүріп, жаман ниеттеріне ортақтаспаңдар! Себебі әділдік пен заңсыздық арасында ортақ не бар? Яки жарық пен түнек қалай тығыз байланыста тұрмақ?» (Қорынт. 2-хат 6:14). Исраилдіктерге (демек жалғыз шынайы Құдайға сенген халыққа) Құдайға сенбеген халықтардың адамдарымен неке құруға тыйым салынған. Дәл солай мәсіхшілерге де (демек жалғыз шынайы Құдайға сенген халыққа) сенбеушілермен неке құруға тыйым салынады. Енді басындағы сұрақты басқаша қояйық: «Киелі кітап басқа ұлттың немесе нәсілдің өкілдерімен неке құруға тыйым салады ма?» Жоқ, Киелі кітап осыған ешқандай қарсылық білдірмейді.

Адам баласы өзінің терісінің түсіне бола емес, мінезі мен жүріс-тұрысына бола жауапқа тартылатын болады. Біз басқа адамдарды ұлтына немесе нәсіліне бола кемсітпеуіміз керек (Жақып. хаты 2:1-10; 1 мен 9 аяттарға ерекше назар аударыңыздар). Сенуші адам өзіне жұбай іздеген кезде оның басты талабы мынандай болуы тиіс: оның болашақ өмір серігі Иса Мәсіхке сенім артқан (Қорынт. 2-хат 6:14) және осы сенім арқылы жаңадан туылған адам болу керек (Жохан 3:3-5). Сондықтан Киелі кітаптың жұбайды таңдау жайлы қоятын талабы - терістің түсі емес, Мәсіхке сену болып табылады. Өзге ұлттан шыққан адаммен некелесу «мынау дұрыс, мынау бұрыс адам» деген пайымдау арқылы емес, Құдайдан келген даналық пен ұзақ мінажат арқылы жасалатын шешім.

Бір адам өзге ұлттан шыққан адаммен некелесу жайлы шешімді қабылдаған кезде кейбір адамдар осы жағдайды жақтырмауы мүмкін. Осындай шешімді қабылдар алдында мұқият ойланудың жалғыз себебі осы. Мұндай ерлі-зайыптылар жиі кемсіту мен мазаққа тап болады. Кейде тіпті өз отбасылары да оларға қысымшылық көрсетуі мүмкін. Кейбір ерлі-зайыптылардың балалары «әр түрлі түсті» болып туылғандықтан өз ата анасынан немесе ағайындарынан ерекшеленеді. Олар осыған ұялып, ыңғайсыздануы мүмкін. Ерлі-зайыптылардың нәсілі әр түрлі болса, олар осындай жағдайға дайын болу керек. Алайда Киелі кітаптың қойған ережесі (және шектеуі) еш өзгермейді: мәсіхшінің жұбайы мәсіхші болу керек.

English



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз

Киелі кітапта басқа ұлттың немесе нәсілдің өкілдерімен неке құру жайлы не айтылған?
© Copyright Got Questions Ministries