Сұрақ
Құдай құтқарған адам мәңгілікке құтқарылады ма?
Жауап
Адам құтқарылса мәңгілікке құтқарылады ма? Мәсіхті өзінің Құтқарушысы ретінде қабылдаған адам Құдаймен тығыз қарым-қатынаста болады. Құдай мұндай адамдарға мәңгілік қауіпсіздікті сыйлайды. Киелі жазбада осы шындықты растайтын үзінділер өте көп. (а) Рим. хат 8:30 аятында былай айтылған: «Құдай кімдерді бұрыннан белгілеп қойса, соларды шақырып алды, шақырып алғандарын ақтап та алды, ақтап алғандарына ұлылық та сыйлады». Бұл аяттың мағынасы мынандай: Құдай бізді таңдап алған кезден бастап бізді Өзінің қасында болып, көктегі ұлылыққа ие болуға лайықты етті. Сенушінің осы сыйлықты иемденуіне ешқандай нәрсе кедергі бола алмайды, өйткені Құдай барлығын әлдеқашан дайындап қойған. Құдай адамды әділ деп жариялап құтқарса, адам еш күмәнсыз көктегі ұлылыққа ие болмақ.
(ә) Елші Пауыл Рим. хат 8:33-34 аяттарында екі маңызды сұрақ қояды: «Құдай таңдап алғандарына кім айып таға алады? Құдайдың Өзі оларды ақтайды, ендеше кім үкім шығара алады? Мәсіх Иса біз үшін өлді, Ол қайда тірілді де, Құдайдың оң жағынан орын алып, бізді қолдауда». Шынымен де, Құдай таңдап алғандарына кім айып таға алады? Ешкім, өйткені бізді Мәсіхтің Өзі қолдайды. Кім бізге үкім шығара алады? Ешкім, өйткені болашақта адамзатты соттайтын Мәсіх біз үшін жанын қиды. Демек бізді ақтайтын да Мәсіх, адамзатты соттайтын да Мәсіх.
(б) Адам Исаға сенген кезде рухани жағынан жаңадан туылады (Жохан 3:3; Тит. хат 3:5). Мәсіхші құтқарылуын жоғалтқан болса, яғни ол ешқашан жаңадан туылмаған. Киелі кітапта жаңадан туылған адамның мәңгілік өмірден айырылғаны туралы ешқандай әңгіме жоқ. (в) Киелі Рух барлық сенушілердің бойында мекендейді (Жохан 14:17; Рим. хат 8:9) және барлық сенушілерді суға шомылдыру рәсімінен өткізіп Мәсіхтің Денесіне енгізеді (Қорынт. 1-хат 12:13). Мәсіхтің Денесіне жатпайтын және бойында Киелі Рух жоқ адамдар ғана құтқарылудан айырылады.
(г) Жохан 3:15 аятында: «Оған (Иса Мәсіхке) сенуші әркім мәңгілік өмірге ие болады». Егер сіз бүгін Мәсіхке сеніп, мәңгілік өмірге ие болдым деп, ертең одан айырылсаңыз, онда сіз осы мәңгілік өмірге шын мәнінде ешқашан ие болған жоқ шығарсыз. Онда Киелі кітаптағы мәңгілік өмір жайлы уәделер қате болар еді. (д) Менің ойымша осы жағдай жайлы ең жақсы қорытындыны біз Киелі жазбадан табамыз: «Мен мынаған нық сенемін: өлім де, өмір де, періштелер де, жын-перілер де, бүгінгі күн де, болашақ та, табиғаттан тыс күштер де, не үстіміздегі, не астымыздағы ешқандай күш те, тіпті жаратылыстың басқа ешбір нәрсесі де бізді Құдайдың Иеміз Иса Мәсіх арқылы көрсетіп жүрген сүйіспеншілігінен айыра алмайды!» (Рим. хат 8:38-39). Естеріңізде болсын: сізді құтқарған Құдай сізді қорғап сақтап жүреді. Біз бір құтқарылғаннан кейін мәңгілікке құтқарыламыз, яғни мәңгілік қауіпсіздікке қол жеткіземіз!
English
Құдай құтқарған адам мәңгілікке құтқарылады ма?