Киелі кітап арақ-шарап ішу жайында не айтады? Мәсіхшінің арақ-шарап ішкені күнәға жатады ма?




Сұрақ: Киелі кітап арақ-шарап ішу жайында не айтады? Мәсіхшінің арақ-шарап ішкені күнәға жатады ма?

Жауап:
Киелі кітапта арақ-шарап ішу жайлы ескертулер көп (Леуілік. 10:9; Ру. санау 6:3; Заң. қайтал. 29:6; Билер 13:4,7,14; Патша. 1-жазба 1:15; Нақыл сөз. 20:1; 31:4,6; Ишая 5:11,22; 24:9; 28:7; 29:9; 56:12; Миха 2:11; Лұқа 1:15). Дегенмен Киелі кітап мәсіхшілерге сыра, шарап немесе құрамында алкоголь бар басқа сусындарды ішуге қатал тыйым салмайды. Киелі жазбаның кейбір үзінділері тіпті осыны қолдайтын сияқты. Уағыздаушы кітабының 9:7 аятында: «Кәне, жүр, ...сусыныңды (шарабыңды) шаттана іш» деп айтылған. Забур кітабының 103:14-15 аяттарында Құдайдың пендеге «жүрегін қуантар шарапты да» беретіні туралы жазылған. Амос кітабының 9:14 аятында «жүзімдіктер мен бау-бақшалар отырғызып, солардың шырынын ішiп, жемiсін жеу» үлкен бата деп естептеледі. Ал Ишая 55:1 аятында: «Иә, келіп, шарап пен сүтті ақша төлемей-ақ тегін алыңдар» деген үндеу бар.

Алайда Құдай мәсіхшілерді мас болудан сақтандырғысы келеді (Ефес. хат 5:18). Киелі кітап маскүнемдік пен оның зардаптарын қатаң әшкерелейді (Нақыл сөз. 23:29-35). Сонымен бірге Құдай мәсіхшілерге өздерін (яғни денелерін) «құл ететін еш нәрсенің билігінде» болмауды ескертеді (Қорынт. 1-хат 6:12; Петір. 2-хаты 2:19). Арақ-шарапты мөлшерден тыс ішкен адам міндетті түрде оған құмар болып кетеді. Сондай-ақ Киелі жазбада мынандай ескерту де бар: мәсіхші өзінің бұрыс әрекеттерімен өз рухани бауырластарын тура жолдан тайдырмау керек, демек олардың өз ар-ұжандарына қарсы күнә жасауларына түрткі бермеу керек (Қорынт. 1-хат 8:9-13). Осы ережелерге жүгінген кезде мәсіхшінің арақ-шарап ішуін Құдайдың атын мадақтайтын әрекетке жатқызу өте қиын (Қорынт. 1-хат 10:31).

Иса суды шарапқа айналдырған. Сол кезде Исаның Өзі де шарап ішкен сияқты (Жохан 2:1-11; Матай 26:29). Жаңа келісім заманында су таза емес болған. Сол кезде адамдар қазіргі заманның тазарту әдістерін қолданбайтын, сондықтан су бактерия, вирус және басқа да қауіпті нәрселерге толы болған. Қазіргі заманда дамымаған («үшінші дүниеге жататын») елдердің жағдайы да сондай. Сондықтан сол кезде адамдар шарап (немесе жүзім шырынын) ішуге тырысатын, өйткені ол суға қарағанда тазарақ болған. Тімоте. 1-хат 5:23 аятында Пауыл Тімотеге: «бұдан былай тек су ғана ішпей, аздап шарап та іш» - деп нұсқау береді (Тімотенің асқазаны жиі су ішкеннен ауырған шығар). Сол кездегі шарап қазіргі шараптай күшті болған жоқ, алайда оны әншейін жүзім шырыны болған деп ойлағанымыз да қате болар. Сонымен бірге оның күштілігі қазіргі шараптікіндей болған деп пайымдағанымыз да дұрыс болмас. Киелі кітаптың шарап, сыра немесе құрамында алкоголь бар басқа сусындарды ішуге қатал тыйым салмайтынын қайта айта кетейік. Алкогольдің өзі - күнәмен ластанбаған нәрсе. Адамның алкогольге құмар болып кететіні күнә болып табылады. Сондықтан мәсіхші маскүнемдікке салынып кетуден аулақ болу керек (Ефес. хат 5:18; Қорынт. 1-хат 6:12).

Арақ-шарапты аз мөлшермен ішетін адам одан зиян шекпейді және оған құмар болмайды. Кейбір дәрігерлер аздап қызыл шарап ішу денсаулыққа, әсіресе жүрекке пайдалы деп есептейді. Арақ-шарапты аздап ішу - мәсіхшілердің еркіндігінің нышаны, ал арақ-шарапқа құмар болу мен маскүнемдік – күнәға жатады. Киелі кітапта арақ-шарапты ішу мен оның бұрыс ықпалдары туралы көп айтылады және осы жайлы көптеген ескертулер беріледі, өйткені адамдардың көбісі тез азғырылып, осындай сусындарды тиісті мөлшерден тыс ішіп қояды, сонымен бірге арақ-шарап ішетін мәсіхші басқа адамдардың сүрінуіне себеп болуы мүмкін. Осы себептен мәсіхшінің арақ-шарапты мүлдем ішпегені дұрыс болар.



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз



Киелі кітап арақ-шарап ішу жайында не айтады? Мәсіхшінің арақ-шарап ішкені күнәға жатады ма?