Күнәларым үшін Құдайдан қалай кешірім алуыма болады?




Сұрақ: Күнәларым үшін Құдайдан қалай кешірім алуыма болады?

Жауап:
Елшілердің істері кітабының 13:38 аятында былай айтылған: «Сондықтан, бауырластар, мынаны біліп алыңдар: біз сендерге Құдай күнәларыңды осы Кісінің (Исаның) құрбандығы арқылы кешіретінін жариялаймыз».

Құдайдан кешірім алу деген не және мен неліктен оған мұқтажбын?

«Кешірім» сөзінің мағынасы тазарту, мейірім көрсету, қарызды жою дегенді білдіреді. Біз біреуді ренжіткенде қарым-қатынасымызды дұрыстау үшін кешірім сұраймыз. Ал Құдайдың кешірімі адам баласы оған лайық болғандықтан берілмейді. Құдайдың кешіріміне ешкім лайықты емес. Кешірім – сүйіспеншіліктен, мейірімділіктен және рақымдылықтан шығатын әрекет. Кешірім – басқа адамның бізге қарсы істегеніне қарамай, сол адамға біздің тарапымыздан қарсылықтың болмауы.

Киелі кітап бізге барлығымыздың күнә жасап, Құдайдың кешіріміне мұқтаж екенімізді айтады. Уағыздаушы атты кітаптың 7:20 аятында былай айтылған:

«Шындығында жер бетінде лайым жақсылық істеп, ешбір күнә жасамайтын әділ адам жоқ». Ал Жоханның 1-хаты 1:8 аятында былай айтылған: «Егер күнәсызбыз десек, онда өзімізді алдап, бізде шындықтың болмағаны». Шын мәнінде күнәның барлығы Құдайға қарсы жасалған әрекет болып есептеледі (Забур жыр. 52:4). Осының салдарынан Құдайдың кешіріміне өте мұқтажбыз. Егер күнәларымыз кешірілмесе, біз осының зардабын шегіп өткіземіз (Матай 25:46; Жохан 3:36).

Кешірімді қалай алуға болады?

Бақытымызға орай, мейірімді және сүйіспеншілікке толы Құдай біздің барлық күнәларымызды кешіргісі келеді! Петірдің 2-хатының 3:9 аятында былай айтылған: «Иеміз... бізге төзімділік танытуда: ешкімнің де тозаққа түсуін емес, барлық адамдардың теріс жолдан қайтып, күнәларына өкініп, арылуын қалайды!» Құдай бізді кешіргісі келгендіктен кешірім алу жолымен қамтамасыз етті.

Күнәның жалғыз әділетті жазасы - өлім. Римдіктерге арналған хаттың 6-тарауындағы 23-аяттың бірінші жартысында: «Күнәның беретіні – (мәңгілік) өлім...» деп жазылған. Демек біз күнәларымызға бола мәңгілік өлім жазасына кесілдік. Алайда Құдай, Өзінің кемелді жоспары бойынша адамға, яғни Иса Мәсіхке айналды (Жохан 1:1,14). Иса бізге тиесілі жазамыз - өлімді Өз мойнына артып, айқыш ағашта жанын қиды. «Құдай біздің күнәларымызды ешқашан күнә жасамаған Мәсіхке артты. Онымен тығыз байланысқан біз осы арқылы Тәңір алдында ақталдық» (Қорынт. 2-хат 5:21). Иса айқышта өліп, біздің күнәларымыздың құнын төледі! Иса Құдай болғандықтан Оның өлімі арқылы бүкіл адамзаттың күнәлары кешірілді. Жоханның 1-хаты 2:2 аятында былай айтылған: «Ол Өз жанын құрбан етіп, күнәларымыздың құнын өтеді. Өзіміздің ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзаттың да күнәларының құнын төледі». Иса өлімнен қайта тірілді және күнә мен өлімді жеңгенін жариялады (Қорынт. 1-хат 15:1-28)

Құдайға шүкір, Иса Мәсіхтің өлімі мен қайта тірілуі арқылы не болатыны жайында Римдіктерге арналған хаттың 6:23 аятында ары қарай былай айтылған: «...ал Құдайдың беретін сыйы – Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы мәңгілік өмір».

Сіздің өз күнәларыңыз үшін кешірім алғыңыз келеді ме? Сізде өзіңізді мазалап кінәлайтын сезім бар ма? Егер Иса Мәсіхке өзіңіздің жеке Құтқарушыңыз ретінде сенсеңіз, күнәларыңыз кешіріледі. Ефестіктерге арналған хаттың 1:7 аятында былай жазылған: «Мәсіхтің құрбан болып, қаны төгілуімен төлеміміз өтеліп, біздер жамандықтың құлдығынан азат етіліп, күнәларымыз кешірілді». Біз кешірім алуымыз үшін Иса қарызымызды төледі. Сіздің өз тарапыңыздан істейтініңіз мынау: Исаның Өз өлімі арқылы сіздің күнәларыңыздың құнын төлегеніне сеніп, Құдайдан кешірім сұрасаңыз, Құдай сізді кешіреді! Жохан жазған Ізгі хабардың 3:16-17 аяттарында мынандай тамаша үндеу бар: «Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады. Құдай Өзінің рухани Ұлын адамзатты соттауға емес, құтқаруға жіберді».

Құдайдан кешірімді алу сондай оңай ма?

Иә, дәл солай! Құдайдан кешірімді сіз еңбек сіңіріп ала алмайсыз. Кешірімді сатып алуға да болмайды. Сіз оны Құдайдың мейірімі мен рақымдылығының арқасында болатын сенім арқылы ғана ала аласыз. Егер сіз Иса Мәсіхті өзіңіздің жеке Құтқарушыңыз ретінде қабылдап, Құдайдан кешірім алғыңыз келсе төменде көрсетілгендей мінажат етіңіз. Алайда есіңізде болсын: сіз әншейін сиыну арқылы құтқарылмайсыз, ең бастысы сіз өз күнәларыңыздың Иса Мәсіх арқылы кешірілгеніне сенуіңіз керек. Ал мінажат ету арқылы сіз өзіңіздің Құдайға сенетініңізді және сізді құтқарғаны үшін Оған риза екеніңізді білдіресіз.

«Құдайым! Мен Сенің алдында күнә жасағанымды мойындаймын және жазалануға тиісті екенімді білемін. Бірақ Иса Мәсіх менің Оған артқан сенімім арқылы кешірілуім үшін менің тартатын жазамды Өз мойнына алды. Мен өз күнәларымды мойындаймын және менің құтқарылу жолым жалғыз Сен ғана екеніне сенемін. Сенің маған төккен рақымыңа және бірген кешіріміңе рахмет! Аумин!»

Сіз осы жерде айтылғанды оқығаннан кейін Мәсіхті қабылдау жайында шешім жасадыңыз ба? Егер «иә» десеңіз, онда, «Мен бүгін Мәсіхті қабылдадым» деген түймені басыңыз.



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз



Күнәларым үшін Құдайдан қалай кешірім алуыма болады?