Әйелдер бағушы бола алады ма? Әйелдер уағыз айта алады ма? Әйелдердің рухани қызметке қатысуы жайлы Киелі кітапта не айтылған?




Сұрақ: Әйелдер бағушы бола алады ма? Әйелдер уағыз айта алады ма? Әйелдердің рухани қызметке қатысуы жайлы Киелі кітапта не айтылған?

Жауап:
Әйелдер бағушы бола алады ма? Олар уағыз айта алады ма? Бәлкім, қазіргі заманда ең көп дау тудыратын тақырып осы шығар. Сондықтан осы жағдайды еркектер мен әйелдер арасындағы мәселе деп есептемегеніміз өте маңызды, өйткені кейбір әйелдер «Киелі кітап әйелдерге шектеу қояды және әйелдер бағушы болмау керек» деп ойласа, кейбір еркектер «әйелдер де бағушы бола алады және оларға шектеу қоймау керек» деп санайды. Сондықтан осы дау шовинизмнен немесе дискриминациядан емес, адамдардың Киелі кітапты әр түрлі талқығанынан шыққан.

Тімоте. 1-хат 2:11-12 аяттарында былай айтылған: «Әйелдер тыныштықпен, әр жағдайда (қауым жетекшілерінің басшылығына) мойынсұнып, тәлім алсын. Олардың (Құдайдың ілімі жайлы) тәлім беріп, ер адамдарға билік жүргізулеріне жол бермеймін; олар тыныш болсын». Құдай қауымда еркектер мен әйелдерге әр түрлі міндеттерді береді. Осы жағдай адамзаттың қалай жаратылғанына (Тімоте. 1-хат 2:13) және күнәның осы әлемге қалай келгеніне байланысты (Тімоте. 2-хат 2:14). Құдай елші Пауыл арқылы әйелдердің еркектердің үстінен билік жүргізуіне тыйым салады. Осы сөздер арқылы әйелдердің бағушы болуына, яғни олардың уағыз айтуына, тәлім беруіне және еркектердің үстінен рухани билік жүргізуіне шектеу қойылады.

Жалпы әйелдердің рухани қызметке қатысуына және бағушы болуына қарсылықтар көп. Көптеген адамдар қарсылық білдірген кезде әдетте мынандай пікірге сүйенеді: Пауыл бірінші ғасырда әйелдердің тәлім беруіне тыйым салған, себебі сол кезде әйелдер әдетте сауатсыз болатын. Алайда Тімоте. 1-хат 2:11-14 аятында сенушілердің білім дәрежесі туралы ештеңе айтылмаған. Егер рухани қызметте мұндай талап қойылғанда онда Исаның шәкірттерінің көбісі қызметке жарамсыз болып шығатын еді. Екінші әдеттегі қарсылық мынандай: Пауыл ефестік әйелдерге ғана уағыз айтуға тыйым салған (Тімоте. 1-хат Ефестегі қауымда бағушы болған Тімотеге жазылған). Ефес қаласы гректер мен римдіктердің жалған әйел тәңірі Артемиданың ғибатханасына бола әйгілі еді. Артемидаға табыну рәсімдерін әйелдер басқаратын. Алайда Тімоте. 1-хатта Артемида туралы ештеңе айтылмаған, сонымен бірге Пауыл да әйелдердің Артемидаға табыну рәсімдерін Тімоте. 1-хаттың 2:11-12 аяттарында сылтауратпайды. Яғни осы аяттардағы қойылған шектеулердің себебі өзгеше.

Үшінші әдеттегі қарсылық мынандай: адамдар Пауыл осы сөздерді жалпы еркектер мен әйелдерге емес, күйеулер мен олардың әйелдеріне ғана арнаған деп ойлайды. Тімоте. 1-хат 2:11-14 аяттарының грек аудармасына қарағанда осы сөздер күйелер мен олардың әйелдеріне арналған сияқты. Алайда осы аяттардың негізгі мағынасы еркектер мен әйелдерге бағышталған. Ары қарай, 8-10 аяттарда бірдей грекше сөздер қолданылады. Сонда ер адамдар ғана адал қолдарын жайып, ашу-ыза, күмән және жанжалдан аулақ болу керек пе? Немесе әйелдер ғана қарапайым да сыпайы киініп, игі істеп істеп, Құдайға сиыну керек пе? Әрине, олар емес. 8-10 аяттар күйеулер мен әйелдерге ғана емес, жалпы ер адамдар мен әйелдерге арналған. 11-14 аяттарда осы сөздердің мазмұнын өзгертетіндей (яғни «осы сөздер күйеулер мен әйелдерге ғана арналған» деп пайымдауға себеп беретін) ешқандай мәлімет жоқ.

Киелі кітапта суреттелген әйел бағушылар мен уағыз айтушылар жайлы тағы басқа қарсылықтар туындайды. Мәриям, Дебора, Хулда, Прискила, Фөбе және басқа әйелдер қауымның жетекшілері болған. Алайда осындай қарсылықты білдірген адамдар мына маңызды жайттарды байқамайды: Дебора он үш еркек билердің арасындағы жалғыз әйел болған; Хулда Киелі кітапта аталған он екі еркек пайғамбарлардың арасындағы жалғыз әйел болған; Мәриям Мұса мен Һаронның қарындасы болғандықтан ғана жетекші болды. Патшалықтар туралы жазбаларда сиппатталған Афалия мен Жезебел деген әйелдерді жақсы басқарушылар деп атауға болмайды.

Елшілер. істері 18 тарауда Прискила мен Ақила Мәсіхке сенімді қызмет атқарып жүрген ерлі-зайыптылар ретінде сипатталады. Прискиланың есімі бірінші аталады, сондықтан оның қызметі «тиімдірек» болған шығар. Сондай-ақ бұл үзіндіде Прискиланың қызметінің Тімоте. 1-хат 2:11-14 аяттарына қайшы келетіні туралы ештеңе айтылмаған. Прискила мен Ақила Аполлос есімді яһудиді үйлеріне ертіп әкеліп, екеуі де оған Құдайдың сөзін түсіндіріп, тәлім берді (18:26).

Рим. хат 16:1 аятында Фөбе «қауымның қызметшісі» деп аталса да, бұл оның қауымда тәлім бергенін білдірмейді. «Тәлім беру» қауым қызметшілерінің емес, қауым басқарушылардың міндеті болған (Тімоте. 1-хат 3:13; Тит. хат 1:6-9). Қауым басқарушыларына мынандай талаптар қойылған: «бір әйелге ғана үйленге», «балалары Құдайға сенетін және ата-аналасын құрметпен тыңдайтын» және «сыйлауға лайықты». Сонымен бірге Тімоте. 1-хат 3:1-13 пен Тит. хат 1:6-9 аяттарында қолданылған есімдіктерге қарағанда (мұны байқау үшін біз осы үзінділерді басқа тілде оқуымыз керек, өйткені қазақ тілінде «ол» деген есімдік қана қолданады) біз осы сөздердің ер адамдарға ғана қатысты екенін байқаймыз.

Тімоте. 1-хат 2:11-14 аяттарында анық «себеп» берілген. 13-аятта Пауыл 11-12 аяттарда айтқанын түсіндіріп береді. Әйелдер неліктен тәлім бермеу керек және ер адамның үстінен билік жүргізбеу керек? Өйткені «алдымен Адам ата, содан кейін Хауа анна жаратылған және Адам ата емес, әйел әзезілге алданды». Киелі кітапта берілген себеп осындай. Құдай алдымен Адам атаны, ал кейін Хауа ананы оның «көмекшісі» ретінде жаратты. Жаратылыстан басталған осы тәртіп отбасыда да (Ефес. хат 5:22-33), қауымда да сақталуға тиісті. Хауа ананың алданғаны туралы әңгімеге жүгініп кейбір адамдар әйлдердің бағушы болуларына және тәлім берулеріне қарсы болып келеді. Осындай адамдар: «Әйелдер оңай алданып қалады, сондықтан олар тәлім бермеу керек» - деп ойлайды. Мұндай түсінік жайлы көптеген даулар тууда... егер әйелдер соншалықты оңай алданатын болса, онда олар неге балаларға және басқа әйелдерге тәлім беріп жүр? Балалар мен әйелдер де «оңай алданатындардың» қатарына жатпайды емес пе? Жоғарыда келтірілген аяттарда (Тімоте.1-хат 2:11-14) айтылған шындықтың мағынасы басқаша. Әйелдердің тәлім беруіне және олардың ер адамдарға рухани билік жүргізуіне қауымда шектеу салынған, мұның себебі – Хауа ананың әзезілге кезінде алданып қалғаны. Осының нәтижесінде Құдай ер адамға тәлім беру жағынан басты билікті берді.

Дегенмен әйелдердің көптеген рухани дарындары бар, мысалы: қонақжайлық, қайырымдылық көрсету, рухани ақиқаттарды үйрету және жалпы көмек беру. Қауымдардағы қызметтердің көбісі әйелдерге жүктелген. Әйелдерге мінажат ету немесе пайғамбарлық сөз айту жағынан ешқандай шектеу қойылмайды (Қорынт. 1-хат 11:5). Алайда олар рухани тәлім беру жағынан еркектерге билік жүргізе алмайды. Ал Киелі Рухтың дарындарын пайдалану жағынан әйелдерге ешқандай шектеу қойылмаған (Қорынт. 1-хат 12-тарау). Әйелдер де, ер адамдар да басқаларға қызмет етіп, Киелі Рухтың жемістерін танытып (Ғалат. хат 5:22-23), адасқандарға Ізгі хабарды жариялай алады (Матай 28:18-20; Елшілер. істері 1:8; Петір. 1-хаты 3:15).

Құдайдың орнатқан тәртібі бойынша қауымда рухани тәлім беру билігі ер адамдарға ғана берілген. Бұл жағдай «ер адамдар жақсырақ тәлім береді, ал әйелдердің ақылы азырақ» дегенді білдірмейді. Бұл жағдай әншейін Құдайдың қауымда орнатқан тәртібі. Ер адамдар өмірлері мен сөздері арқылы рухани жетекшінің үлгісі болу керек. Ал әйелдердің рөлі азырақ болуға тиіс. Дегенмен әйелдердің басқа әйелдерге тәлім бергенін Құдай сөзі қолдайды (Тит.хат 2:3-5). Киелі кітап әйелдердің балаларға тәлім беруіне де шектеу қоймайды. Әйелдерге бір нәрсені ғана істеуге тиім салынған: тәлім беру немесе ер адамдарға рухани жағынан билік жүргізу. Бұл салаға бағуші болу мен уағыз айту жатады. Алайда әйелдердің маңыздылығы бұдан еш азаймайды, бұл айырмашылық арқылы әйелдердің қызметі олардың қабілетіне және Құдайдың орнатқан тәртібіне сай болады.



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз



Әйелдер бағушы бола алады ма? Әйелдер уағыз айта алады ма? Әйелдердің рухани қызметке қатысуы жайлы Киелі кітапта не айтылған?