Сұрақ
«Мәсіх – Құдай» деген пайымдау Киелі кітапқа сай ма?
Жауап
Мәсіх Өзінің ерекше қасиеттері жайлы айтып, Өзінің кім екенін жариялаған болатын. Мәсіхтің шәкірттері Оның осы қасиеттерімен бірге Оның құдайлық болмысын мойындаған. Сондай-ақ шәкірттер Исаның күнәларды кешіруге билігі мен құқығы бар екенін де мойындады, ал осыны Құдай ғана істей алатын, өйткені Құдай күнәны жек көреді (Елшілер. істері 5:31; Қолос. хат 3:13; Забур жыр. 129:4; Еремия 31:34). Сонымен бірге Иса Өзінің «тіріні де, өлгенді де соттайтынын» айтты (Тимоте. 2-хат 4:1). Тома Исаға: «Ием менің, Құдайым менің!» - деді (Жохан 20:28). Пауыл Исаны: «Ұлы Құдайымыз және Құтқарушымыз» - деп атап (Тит. хат 2:13), Оның адам секілді дүниеге келместен бұрын Құдай болғанын айтады (Філіпі. хат 2:5-8). Еврейлерге хат жазған елші Иса туралы былай дейді: «Уа, Құдай, Сенің тағың сақталады мәңгілік» (Еврей. хат 1:8). Жохан Ізгі хабарда: «Әуел баста Сөз болатын, Сөз Құдайда болатын, Сөз (Иса) Құдай еді» (Жохан 1:1). Исаның Құдайлық болмысы жайлы үзінділер Киелі жазбада көп (Аян 1:17; 2:8; 22:13; Қорынт. 1-хат 10:4; Петір. 1-хаты 2:6-8; Забур жыр. 17:2; 94:1; Петір. 1-хаты 5:4; Еврей. хат 13:20), алайда шәкірттерінің Исаның Құдайлық болмысын мойындағанын көру үшін біз келтірген үзінділердің біреуі де жеткілікті.
Сонымен бірге Иса Көне келісімде Яһуеге (Құдайдың үлкен құрмет білдіретін есімі) берілген есімдермен де аталады. Көне келісімдегі «Құтқарушы», «Өтеуші» деген есімдер (Забур жыр. 129:8; Ошия 13:14) Жаңа келісімде Исаға қойылады (Тит. хат 2:13; Аян 5:9). Иса Имануил деп те аталады («Құдай бізбен бірге» Матай 1). Зәкәрия 12:10 аятында Яһуенің Өзі: «Олар өздері түйреген Кісісі — Мені көріп, жалғыз ұлын жоқтағандай, жоқтау айтатын болады» - дейді. Алайда Жаңа келісімде бұл сөздер Исаның айқыштағы өліміне меңзейді (Жохан 19:37; Аян 1:7). Сондықтан адамдар түйреген Кісі Яһуе және Иса болса, онда Исаның Өзі Яһуе болғаны. Пауыл Ишая 45:22-23 аяттарын Філіпі. хат 2:10-11 аяттарындағы Исамен байланыстырады. Ары қарай, Исаның есімі мінажатта Яһуенің есімімен бірге қолданылады: «Сендерге Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай берсін!» (Ғалат. хат 1:3; Ефес. хат 1:2). Мәсіх Құдай болмағанда бұл мінажат Құдайды қорлаумен тең болар еді! Иса шәкірттеріне халықтарды суға шомылдыру рәсімінен өткізуге бұйрық бергенде Оның есімі тағы да Яһуенің есімімен бірге қолданылады: «Сондықтан күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рұхының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер» (Матай 28:19; Қорынт. 2-хат 13:14).
Исаның жасаған істері Құдайдың қолынан ғана келеді. Оның істері өлгендерді тірілтумен (Жохан 5:21; 11:38-44) және күнәларді кешірумен ғана шектелмейді (Елшілер. істері 5:31; 13:38). Иса бүкіл әлемді жаратып, оны басқарады (Жохан 1:2; Қолос. хат 1:16-17). Яһуе Өзінің жаратылыс барысында үнемі жалғыз болғанын жариялайды, сондықтан Исаның билігі жайындағы жаңағы соңғы пайымдау одан бетер күшейе түседі (Ишая 44:24). Ары қарай біз Мәсіхтің бойынан Құдайда ғана болатын қасиеттерді көреміз: Оның мәңгілік бар болатыны (Жохан 8:58), Оның бір уақытта барлық жерде бар болатыны (Матай 18:20; 28:20), Оның болған, болып жатқан және болатын нәрселердің барлығын білетіні (Матай 16:21), Оның шексіз құдіреті, яғни бәрін істей алатыны (Жохан 11:38-44).
Біреудің өзін Құдай деп атауы немесе басқаларды алдап осыған сенгізуі – бұл бір жағдай. Ал осыны толығымен нақты дәлелдеу – мүлдем басқа жағдай. Мәсіх Өзінің Құдай екенін көптеген кереметтер арқылы және тіпті Өзінің тірілуі арқылы дәлелдеді. Мәсіхтің кейбір ғана кереметтерін атап шығайықшы: суды шарапқа айналдыру (Жохан 2:7), судың бетімен жүру (Матай 14:25), заттарды көбейту (Жохан 6:11), зағиптің көзін ашу (Жохан 9:7), сал адамды жүргізу (Марқа 2:3), әр түрлі ауру адамдарды сауықтыру (Матай 9:35; Марқа 1:40-42), тіпті өлген адамдарды тірілту (Жохан 11:43-44; Лұқа 7:11-15; Марқа 5:35). Оның үстіне Мәсіхтің Өзі де өлімнен қайта тірілді. Жалған тәңірлерге табынушы халықтар өздерінің құдайларының өліп тірілгені жайлы аңыздар айтады, алайда бір арнайы адамның қайта тірілуіне нандыратындай дәлел діндердің ешқайсысында жоқ. Ал Мәсіхтің қайта тірілуі жайлы деректер аз емес. Гэри Хабермас деген доктордың айтуы бойынша тіпті Мәсіхке сенбейтін ғалымдардың өздері кем дегенде он екі тарихи фактіні мойындайды:
1. Иса айқышқа шегеленіп өлтірілді.
2. Оның сүйегі қабірге қойылды.
3. Исаның өлімінен кейін Оның шәкірттері үміттерінен айырылып, түңіліп кетті.
4. Исаның сүйегі қойылған қабір бірнеше күннен кейін бос болып шықты.
5. Шәкірттер қайта тірілген Иса оларға көрінді деп пайымдап, Оған сенді.
6. Исаны көргеннен кейін шәкірттер күдіктенуді қойып, өте батыл болып кетті.
7. Осы хабар алғашқы сенушілердің қауымдарында уағыздалатын негізгі тақырып болған.
8. Осы хабар Иерусалимде уағыздалды.
9. Осы уағыздалған хабардың нәтижесінде Мәсіхке сенетін адамдардың қауымы пайда болып өсе бастады.
10. Сенбі күннің орнына сенушілер Мәсіхтің қайта тірілген күні, яғни жексенбіде Құдайға табынатын болды.
11. Күдіктенуге әуес Жақып қайта тірілген Исаны көрдім деп пайымдағаннан кейін мәсіхшіге айналды.
12. Мәсіхшілердің қас жауы Пауыл қайта тірілген Исаны көрдім деп пайымдағаннан кейін сенушіге айналды.
Біреу осы тізімдегі мәліметті жоққа шығарғысы келсе, Исаның қайта тірілгенін дәлелдеп, Ізгі хабарды тарату үшін бізге мына төрт ақиқат жеткілікті болады: Исаның өлімі, қабірге қойылуы, қайта тірілуі және шәкірттеріне көрінуі (Қорынт. 1-хат 15:1-5). Кейбір теориялар арқылы жаңағы тізімдегі бір немесе екі фактіні түсіндіруге болатын шығар, алайда Исаның қайта тірілуі арқылы осы келтірілген фактілердің барлығын түсіндіруге болады. Мәсіхшілік ілімге сын айтушылардың өздері шәкірттердің Исаны көргенін мойындайды. Исаның қайта тірілуі арқылы көптеген адамдардың өмірлері түбегейлі өзгерді. Елес пен өтірік адамдарды өзгерте алмайды. Біріншіден, Исаға сенушілер өз қара басының пайдасын ойлаған дейтіндерге мынандай сұрақ қоюға болады: Олар мәсіхшіліктен қандай пайда көрер еді? Мәсіхтің ілімі кең тарамаған және ақша жағынан ешқандай пайда көрмеген болатын. Екіншіден, өтірікшілер өз сенімдері үшін өмірлерін қиюға даяр емес. Ал шәкірттер тіпті қатты қиналып (қатыгез өліммен) өлуден де сескебейтін. Олардың сондай батыл болуының ең қисынды себебі: олар Исаның қайта тірілгенін өз көздерімен көрген болатын. Көптеген адамдар өтірікті шын деп есептеп, ол үшін өлуі мүмкін, бірақ өтірік үшін ешкім өлмес.
Қорытынды: Мәсіх Өзін Яһуе деп атаған, өйткені Ол Құдайдың Өзі болған (демек құдайлардың біреуі емес, Жалғыз әрі Шынайы Құдай), Оның шәкірттері (пұтқа табынуды жек көрген еврейлер) Оған сеніп, Оны Құдай ретінде қастерледі. Мәсіх істеген кереметтері және әлемді өзгерткен қайта тірілуі арқылы Өзінің Құдай екенін дәлелдеді. Осы оқиғаларды басқа пайымдау арқылы түсіндіру мүмкін емес.
English
«Мәсіх – Құдай» деген пайымдау Киелі кітапқа сай ма?