settings icon
share icon
Сұрақ

Мәңгілік қауіпсіздік жайлы ой Құдайдың сөзіне сай келеді ме?

Qazaq

Жауап


Адам Мәсіхті өзінің Құтқарушысы ретінде танып біліп қабылдаса, Құдаймен достасып, мәңгілік қауіпсіздікке қол жеткізеді. Яһуданың хатының 24 аятында: «Сендерді адасып кетуден сақтап, Өзінің нұрлы салтанаты көрінген күні қуанышпен, мүлтіксіз таза күйлеріңде өз алдына тұрғызуға бірден-бір Құдайымыздың құдіреті жетеді» - деп айтылған. Демек сенушіні сүрінуден сақтауға Құдайдың құдіреті жеткілікті. Оның салтанатты ұлылығын көруіміз немесе көрмеуіміз біздің қолымызда емес, Оның құдіретті қолында. Біздің мәңгілік қауіпсіздігіміз Құдайдың бізді сақтағанына байланысты, демек құтқарылуымызды сақтау да біздің қолымыздағы іс емес.

Иеміз Иса Мәсіх былай жариялаған: «Соларға мәңгілік өмір беремін. Олар ешқашан құрымайды, ешкім оларды Менің қолымнан тартып алмайды. Оларды Маған берген Әкем бәрінен де ұлы. Ешкім соларды Әкемнің қолынан тартып ала алмайды» (Жохан 10:28-29). Иса да, Құдай Әке де бізді Өз қолдарында мықтап ұстап тұр. Осы Екеуінің құдіретті қолдарынан бізді кім тартып ала алады?

Ефес. хат 4:30 аятында: «Онымен (Киелі Рухпен) «таңбаландыңдар»: өмірлеріңнен орын алған Ол – бір күні жамандық атаулыдан азат етілулеріңнің кепілі» - деп айтылған. Демек Киелі Рухпен «таңбаланған» сенушілер бір күні өлімнен аза етіледі. Бізде мәңгілік қауіпсіздік жоқ болғанда біз өлімнен азат болу үшін емес, күнәларымыз бен сенімсіздігіміз үшін жазалану үшін «таңбаланған» болар едік. Жохан 3:15-16 аяттарында Исаға «сенуші әркім мәңгілік өмірге ие болады» деп айтылған. Егер адамға уәде етілген мәңгілік өмір одан кейін тартып алынса, онда ол мәңгілік өмір болмас еді. Ондай жағдайда Киелі кітаптағы барлық уәделер қате болып шығатын еді.

Мәңгілік қауіпсіздік жайлы ең мықты пайымдау Рим. хат 8:38-39 аяттарында келтірілген: «Мен мынаған нық сенемін: өлім де, өмір де, періштелер де, жын-перілер де, бүгінгі күн де, болашақ та, табиғаттан тыс күштер де, не үстіміздегі, не астымыздағы ешқандай күш те, тіпті жаратылыстың басқа ешбір нәрсесі де бізді Құдайдың Иса Мәсіх арқылы көрсетіп жүрген сүйіспеншілігінен айыра алмайды!» Біздің мәңгілік қауіпсіздігіміздің негізі - Құдайдың сүйіспеншілігі, өйткені Ол сүйгендерін құтқарып алған. Яғни біздің мәңгілік қауіпсіздігіміз Исаның қанымен, Әкенің уәдесімен және Киелі Рухтың таңбасымен бекітілген.

English



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз

Мәңгілік қауіпсіздік жайлы ой Құдайдың сөзіне сай келеді ме?
© Copyright Got Questions Ministries