Сұрақ
Мен Исаға сендім... енді не істеуім керек?
Жауап
Мен Исаға сендім... енді не істеуім керек?
Біз сізді құттықтаймыз! Сіз өміріңізді мәңгібақи өзгертетін шешім қабылдадыңыз! Бәлкім сіз өзіңізден былай сұрап жатқан боларсыз: «Ал енді не істеуім керек? Құдаймен бірге болатын жолымды қалай бастасам екен?» Киелі кітапта сізге дұрыс бағыт таңдап алуға көмек беретін бес қадам сипатталған. Егер осы саяхат барысында сізде сұрақтар пайда болса, мына сайтқа: https://www.gotquestions.org/Kazakh кіруіңізге болады.
1. Құтқарылуды дұрыс түсінгеніңізге толық көз жеткізіңіз
Жоханның 1-хатының 5:13-аятында былай айтылған: «Сендер Құдайдың рухани Ұлына сенгендіктен мәңгілік өмірге иесіңдер. Оған сенім артқан сендердің соны білулерің үшін бұларды жазып отырмын». Құдай біздің құтқарылудың не екенін түсінгенімізді қалайды. Құдай біздің құтқарылғанымызға толықтай сенімді болғанымызды тілейді. Құтқарылудың басты негіздерін қысқаша қайталап шығайық:
А) Барлығымыз күнәкармыз. Бәріміз де Құдайға ұнамайтын лайықсыз істер жасадық (Рим. хат 3:23).
Ә) Құдайдан мәңгілік ажырау – күнәмыз үшін берілген жаза болып табылады (Рим. хат 6:23).
Б) Иса біздің күнәмыздың құнын өтеу үшін айқыш ағашта Өзінің өмірін қиды (Рим. хат 5:8; Қорынт. 2-хат 5:21). Иса біздің тартатын жазамызды Өз мойнына алып, біздің орнымызда өлді. Ал Мәсіхтің өлімнен қайта тірілуі Оның өлімінің біздің күнәларымыздың құнын толықтай өтегенін дәлелдеді.
В) Өз күнәларының Исаның өлімі арқылы өтелгеніне сенген адамдардың барлығына Құдай кешірім мен құтқарылу береді (Жохан 3:16, Рим. хат 5:1, 8:1).
Құтқарылу деген осы! Егер сіз Иса Мәсіхті өзіңіздің Құтқарушыңыз ретінде қабылдап, Оған сенген болсаңыз – сіз құтқарылдыңыз! Сіздің барлық күнәларыңыз кешірілді, ал Құдай сізді ешқашан да тастамаймын деп уәде береді (Рим. хат 8:38-39, Матай 28:20). Сіздің құтқарылуыңыз Иса Мәсіх арқылы кепілдендірілгенін есіңізден шығармаңыз (Жохан 10:28-29). Егер сіз Исаны өзіңіздің Құтқарушыңыз деп мойындап, Оған сенсеңіз, онда Құдаймен бірге жұмақта мәңгілік өмір сүретініңізге нық сенімді болыңыз!
2. Киелі кітапты талқылап оқитын қауымды тауып алыңыз
Қауым – ғимарат емес, қауым – адамдар. Иса Мәсіхке сенетіндер үшін басқа сенушілермен қарым-қатынаста болу өте маңызды. Қауымның басты мақсаты осы. Иса Мәсіхке сенгеннен кейін Киелі кітапты негіз етіп ұстанатын қауымды тауып алып, қауым жетекшісімен сөйлесіңіз деп кеңес береміз. Сол жетекшіге өзіңіздің Исаны жаңадан қабылдағаныңызды айтыңыз.
Киелі кітапты зерттеп оқу - қауымның екінші мақсаты. Сіз Құдайдың нұсқауларын өз өміріңізде қолдануды үйренесіз. Киелі кітапты түсінуіңіз мәсіхшілік өміріңіздің табысты болуына көмегін тигізеді. Тімотеге арналған 2-хаттың 3:16-17 аяттары былай тұжырым жасайды: «Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылып, тәлім беру, әшкерелеу, түзету әрі әділдікке тәрбиелеу үшін тиімді; осылай Құдайдың адамы барша игі іске дайындалып, толықтай даяр болмақ».
Қауымның үшінші мақсаты Құдайды мадақтау. Мадақтау арқылы біз Құдайға Оның жасаған барлық істері үшін ризашылық білдіреміз. Құдай бізді құтқарды. Ол бізді сүйеді және бізге қажеттінің барлығын береді. Ол бізге басшылық етуде және тәлім беруде. Біз Оған қалайша ризашылық білдіре алмаймыз?! Құдай киелі, әділ, рақымды, мейірімді және сүйіспеншілікке толы. Аян кітабының 4:11 аятында былай айтылған: «Құдай Иеміз! Сен ұлылық, құрмет пен билікке лайықсың. Өйткені бүкіл әлемді жаратқан Өзіңсің; Сенің еркіңмен ол жаратылды және бола да береді».
3. Құдаймен күнделікті қарым-қатынаста болуға уақыт бөліңіз
Құдаймен әр күні қарым-қатынаста болғанымыз өте маңызды. Кейбір адамдар осындай кездерді «тыныш уақыт» деп атайды. Басқалар болса «рухани бағышталу» дейді, өйткені осы уақытта өзімізді Құдайға бағыштаймыз. Біреулер бұл уақытты таңертең, ал кейбіреулер кешке өткізгенді ұнатады. Алайда бұл уақытты қалай атауыңыз немесе қай мезгілде өткізетіндігіңіз маңызды емес, ең маңыздысы Құдаймен қарым-қатынаста болатын уақытыңыздың үнемі тұрақтылығы. «Тыныш уақыт» неден тұрады?
А) Мінажат ету. Мінажат ету – бұл Құдаймен сөйлесу әдісі. Оған өзіңіздің мұқтаждықтарыңызды айтыңыз. Одан даналық пен жетелеуді, сондай-ақ неге мұқтажсыз, оны да сұраңыз! Өзіңіздің Оған деген сүйіспеншілігіңізді білдіріп, Оның сіз үшін істеп жатқандарының бәрін бағалайтыныңыз туралы айтыңыз. Сиынудың бар мән-мағынасы осында.
Ә) Киелі кітапты оқу. Киелі кітапты қауымда талқылап оқудан тыс, оны Өзіңіз де оқуыңыз керек. Мәсіхші ретінде рухани жағынан табысты өмір сүруіңізге барлық қажетті мәлімет Киелі кітапта бар. Дұрыс шешім қабылдау, Құдайдың еркін танып білу, басқаларға уағыз айту және рухани өсу сияқты салаларға арналған Құдайдың барлық нұсқаулары бар. Киелі кітап – сізге айтылған Құдайдың Сөзі. Шын мәнінде Киелі кітап - Құдайға ұнамды және өзіңізді қанағаттандыратындай өмір сүруіңізге берілген Құдайдың нұсқаулары.
4. Рухани өсуіңізге көмегі тиетін адамдармен қарым-қатынасыңызды дамытыңыз
Қорынттықтарға арналған 1-хаттың 15:33 аятында былай жазылған: «Мұндайларға алданып қалмаңдар! «Араммен араласқан жан адал әдетінен айырылады». Киелі кітап арам ниетті адамдардың ықпалынан алдын ала сақтандырады. «Араммен» араласқан уақыттарымыз біздің азғырылуымызға әкеп соқтырады. Араласқан адамдарымыздың мінез-құлқы міндетті түрде біздің жүріс-тұрысымызға әсерін тигізеді. Сондықтан айналамызда Құдайды сүйетін және Оған өмірлерін арнаған адамдар болғаны маңызды.
Өзіңізге көмек бере алатын және қолдайтын достар табуға тырысыңыз, олар өз қауымыңыздан болуы да мүмкін (Еврей. хат 3:13; 10:24). Осындай достар сізден «тыныш уақытыңыз» (яғни Құдаймен оңаша болу уақытыңыз), күнделікті тұрмысыңыз және Құдаймен болатын өмірлік «саяхатыңыз» жайында есеп алып тұрсын, олардан осы жайында көмек сұраңыз. Қажет болса өзіңіздің олар үшін де осылай істей алатыныңызды айтыңыз. Бұл айтқанымыз Исаны өзінің Құтқарушысы деп танымаған барлық достарыңызды ұмыту керек дегенді білдірмейді. Олармен достығыңызды жалғастырып, оларды да жақсы қөріңіз. Оларға Исаның сіздің өміріңізді қалай өзгерткені жайында айтыңыз және өзіңіздің бұрынғы дағдылы жаман істеріңізді енді істемейтініңізді хабарлаңыз. Осындай достарыңызға Иса туралы куәлік айту үшін Құдайдан мүмкіндік сұраңыз.
5. Шомылдыру рәсімінен өтіңіз
Көптеген адамдар шомылдыру рәсімінің мағынасын дұрыс түсінбейді. «Шомылдыру» деген сөздің мағынасы суға батырылып шығуды білдіреді. Шомылдыру рәсімі – Исаға сенгеніңізді және Оның соңынан еретініңізді адамдардың алдында жариялау болып табылады. Шомылдыру рәсімі - Киелі кітап бойынша істелетін әдіс. Біздің суға батырылуымыз Мәсіхпен бірге жерленгенімізді, ал судан шығуымыз - Онымен өлімнен қайта тірілгенімізді бейнелейді. Біз шомылдыру рәсімінен өту арқылы Исамен бірге өлгенімізді, Онымен бірге жерленгенімізді және өлімнен қайта тірілгендігімізді білдіреміз (Рим. хат 6:3-4).
Шомылдыру рәсімі құтқарылу әкелмейді. Шомылдыру күнәні жуып шая алмайды. Шомылдыру рәсімінен өту арқылы сіз Мәсіхті өзіңіздің Құтқарушыңыз деп қабылдағаныңызды жариялап, Құдайға мойынсұнуыңыздың бірінші қадамын жасайсыз. Шомылдыру рәсімінен өтуге дайын болған кезде бұл жайында қауым қызметшісімен сөйлесіңіз.
English
Мен Исаға сендім... енді не істеуім керек?