Сұрақ
Мен мәсіхшілік өмірімде күнәны қалай жеңе аламын?
Жауап
Киелі кітап бізге күнәны жеңу үшін қажет болатын құралдар туралы айтады:
(1) Киелі Рух – Құдайдың бізге (яғни Өзінің қауымына) берген сыйы, біз Киелі Рухтың көмегімен жеңімпаз болып өмір сүреміз. Ғалат. хат 5:16-25 аяттарында Құдай тәннің істері мен Киелі Рухтың жемістерін салыстырады. Құдайдың сөзіндегі бұл үзінді бізді Киелі Рухпен тығыз байланыста болуға шақырады. Киелі Рух әр сенушінің бойында бар, алайда жаңағы үзінді бізді Киелі Рухтың жетелеуімен жүруге шақырады. Яғни біз тәніміздің құмарлықтарынан бас тартып, Киелі Рухтың айтқанын тыңдауымыз керек.
Киелі Рухтың сенушіні қалай өзгерте алатынын біз Петірдің өмірінен байқай аламыз. Киелі Рухқа кенелмей тұрған кезде Ол Исадан үш рет танды, алайда Киелі Рухты қабылдағаннан кейін Ол Мәсіх үшін өмірін қиюға даяр болды. Ол Киелі Рухқа кенелгеннен кейін Елуінші күн мейрамында еврейлерге батылдықпен Ізгі хабарды айтты.
Киелі Рухтың жетелеуімен жүрген адам Оның айтқанын орындауға тырысып, Оған кенелуге тырысады (Салониқа. 1-хат 5:19 аятында айтылғандай: «Құдай Рухының іс-әрекетін тежемей, Оның пайғамбарлық нұсқауларын құрметтеңдер»). Адам Киелі Рухқа қалай толады? Біріншіден, бұл Құдайдың істейтін ісі, Ол осыны Көне келісімде де жасаған болатын. Демек Құдай Көне келісімде жеке адамдар мен арнайы оқиғаларды таңдап, олар арқылы Өзінің жоспарлаған жұмыстарын іске асыратын (Жаратылыс. баст. 41:38; Мысыр. шығу 31:3; Ру. санау 24:2; Патша. 1-жазба 10:10 т.б.). Құдай өздерін Құдайдың сөзіне толтырған сенушілерді қолданады. Менің ойымша осының дәлелі мына екі үзіндіде бар: Ефес. хат 5:18-21 және Қолос. хат 3:16. Құдайдың Рухына толудың нәтижесі осы екі үзіндіде бірдей. Енді күнәны жеңу үшін қажет болатын екінші құрал туралы сөйлесейік.
(2) Құдай сөзі – Киелі кітап. Тімоте. 2-хат 3:16-17 аяттар Құдайдың бізге Өзінің сөзін ігі істер жасауымыз үшін бергенін айтады. Құдай сөзі бізге қалай өмір сүру және неге сену керек екенін үйретеді. Біз теріс жолға түскенде Оның сөзі бізге дұрыс жолға қайтып, онда қала беруге көмектеседі. Еврей. хат 4:12 аят Құдай сөзінің тірі әрі құдіретті екенін айтады, яғни ол біздің жүректерімізге терең еніп, адамға ешқашан шешілмейтіндей болып көрінген мәселелерді шешіп береді. Забур кітабындағы 118-жырдың 9,11,105 және басқа да аяттарында Құдай сөзінің өмір өзгертер құдіреті туралы айтылады. Жаратқан Ие Ешуаға мынаны білдірді: дұшпандарды жеңудің басты жолы – Құдайдың сөзін ұмытпау, оны ұстанып, ол жайлы күні-түні ойланып толғану (осы ереже рухани соғыстағы ережеге ұқсас келеді). Ешуа Құдайдың айтқанын тыңдап, ешқандай әскери қозғалыс жасаған жоқ. Алайда ол Құдайға сеніп артып, Оған мойынсұну арқылы жеңіске жетіп, Уәделі жерге ие болды.
Дегенмен біз осы құралға әдетте немқұрайлы қараймыз. Біз Құдай сөзін өзімізбен бірге қауымға апарамыз, әр күні бір тараудан оқуымыз мүмкін, бірақ оны жаттамаймыз, ол жайлы күні-түні ойланбаймыз, ондағы ақиқаттарды өміріміздегі жағдайларда пайдаланбаймыз, оның әшкерелеуін тыңдамаймыз, күнәларымызды мойындамаймыз, Құдайды бізге берген сыйлары үшін мадақтамаймыз. Құдайдың рухани азығымен қоректену жағынан біздің көп кемшіліктеріміз бар. Біз әйтеуір рухани жағынан тірі болу үшін Құдай сөзін қауымда ғана қабылдаймыз (сондықтан ешқашан сау әрі табысты мәсіхші бола алмаймыз) немесе Оның сөзін жиі оқысақ та, ол жайлы ешқашан ойланып толғанбаймыз, сол себептен одан жеткілікті рухани нәр алмаймыз.
Біз Құдай сөзін әр күні терең зерттеп оқып, өзімізге әсер еткен үзінділерді қездестіргенде ондағы аяттарды жаттап отыруды әдетке айналдыруымыз керек. Мен сізге компьютерде бір күнделікті бастауды ұсынғым келеді (егер қолмен жазғаннан гөрі компьютермен тезірек басатын болсаңыз). Немесе ойларыңызды бір дәптерге де жаза аласыз. Құдай сөзін оқып біткеннен кейін одан келген ойларды жазып қоюды әдетке айналдырыңыз. Мен Құдаймен уақыт өткізген кезде Ол маған өмірім жайлы сөйлейді. Мен оны тыңдағаннан кейін Одан осы көрсеткен салаларды өзгертуін өтініп, осы жайлы мінажаттар жазамын. Киелі кітап – Киелі Рухтың құдіретті құралы, Ол оны біздің және басқалардың өмірлерін өзгерту үшін қолданады (Ефес. хат 6:17). Сонымен бірге Киелі кітап - Құдай бізге берген мықты сауыт, біз оны рухани күресте пайдаланамыз (Ефес. хат 6:12:18).
(3) Мінажат – Құдай бізге берген тағы бір мағызды құрал. Мәсіхшілер осы құралдың маңыздылығын ауыздарымен мойындаса да жиі кезде оны да тиімді пайдаланбайды. Біз мінажат жиналыстарын және басқа да шараларын өткіземіз, алайда мінажатты алғашқы қауымдардай қолданбаймыз (Елшілер. істері 3:1; 4:31; 6:4; 13:1-3 т.б.). Пауыл өзінің қызмет еткен сенушілері үшін мінажат еткені туралы қайта-қайта жазды. Біз өзіміз оңаша қалғанда да осы құралды тиімді пайдаланбаймыз. Алайда Құдай бізге мінажат жайлы керемет уәделер берген болатын (Матай 7:7-11; Лұқа 18:1-8; Жохан 6:23-27; Жохан. 1-хаты 5:14-15 т.б.). Пауыл да мінажаттың рухани соғыста қаншалықты маңызды екенін айтады (Ефес. хат 6:18)!
Мінажат ету қаншалықты маңызды? Петір Мәсіхтен бас тартар алдында Мәсіхтің оған Гетсимани бағында не айтқанын көрейік. Иса мінажат еткен кезде Петір ұйықтап жатқан. Иса оны оятып, оған: «Азғырылмау үшін сергек болып, сиынып мінажат етіңдер! Рух дайын болғанмен тән осал» - деді (Матай 26:41). Сіз де, Петір сияқты, дұрыс нәрсе істегіңіз келеді, алайда оған күшіңіз жетпейді. Біз Құдайды шын жүректен іздеп, «есікті қағып», Оның игіліктерін сұрай берсек, Ол бізге қажетті күшті береді (Матай 7:7). Біз осы құралды шынымен бағалауымыз керек.
Мен мінажат бір сиқыр нәрсе деп айтудан аулақпын. Алайда Құдай – құдіреті күшті әрі керемет Тұлға. Біз мінажат ету арқылы өз шамамыздың шектеулі екенін мойындап, Құдайдың шексіз құдіретіне жүгінеміз. Осылай біз (өзіміздің қалағанымызды емес) Оның өзімізден қалағанын істейміз (Жохан 1-хаты 5:14-15).
(4) Қауым – Біз Құдайдың осы құралын да елемеуге бейімбіз. Иса Өз шәкірттерін қызметке екіден жіберді (Матай 10:1). Біз Елшілердің істері кітабынан Ізгі хабарды таратушылардың бірден емес, екіден немесе топ болып жүргенін көреміз. Иса: «Өйткені екі-үш адам Менің атымнан жиналса, Мен де сол жерде араларыңда боламын» деп уәде берді (Матай 18:20). Құдай бізге қауым жиналыстарына бармай қалуды әдетке айналдырмаңдар деп бұйырады, өйткені біз осындай уақытты бір-бірімізді сүйіспеншілікпен жігерлендіруге және игі істер жасауға пайдалануымыз керек (Еврей. хат 10:24-25). Сондықтан Құдай бізге күнәларымызды бір-біріміздің алдында мойындауды бұйырады (Жақып. хаты 5:16). Көне өсиеттің дана сөздер жазылған бөлімдерінде: «Темір темірді қайрайды, адам адамды қайрайды» деп айтылған (Нақыл сөз. 27:17). «Үш қабат жіп оңайлықпен үзілмейді» (Уағыздаушы 4:11-12). Сан көбейген сайын күш те өседі.
Мен танитын адамдардың кейбіреулері басқа мәсіхші бауырластарын тауып, олармен достасады. Олар бір-бірімен телефонмен сөйлесіп немесе кездесіп, өз мәсіхшілік өмірлері, рухани күрестері туралы әңгімелеседі, сонымен бірге бір-бірі үшін мінажат етіп, Құдай сөзін өзара қарым-қатынастарында қолданып, бір-біріне есеп береді т.б.
Кейбір өзгерістер тез болады. Кейбір өзгерістер жайлап келеді. Алайда біз Құдайдың өзімізге берген жаңағы құралдарына жүгінетін болсақ, Ол біздің өмірлерімізді өзгертемін деп уәде береді. Оның Өз сөзіне берік екеніне көз жеткізе берейік!
English
Мен мәсіхшілік өмірімде күнәны қалай жеңе аламын?