Сұрақ
Мәсіхші деген кім?
Жауап
Түсіндірме сөздікте «мәсіхші» деген сөз жайлы: «Иса Мәсіхке сенетін немесе Исаның іліміне негізделген дінге жататын адам» деп анықтама берілген. Бұл анықтама әлемдік тұрғыдан жалпы жақсы сипаттама береді, алайда мәсіхшінің шын мәнінде кім екенін Киелі кітаптан ғана білуге болады.
«Мәсіхші» деген сөз Жаңа өсиетте үш рет қолданылады (Елшілер. істері 11:26; 26:28; Петір. 1-хаты 4:16). Иса Мәсіхтің жолын қуушылар ең алғашқы рет Антақия қаласында «мәсіхшілер» деп аталды (Елшілер. істері 11:26), өйткені олар жүріс-тұрысы, әрекеттері мен сөздері жағынан Иса Мәсіхке ұқсайтын. Алғашында Антақия қаласының сенбеуші тұрғындары осы есімді мәсіхшілерді мазақтау үшін қолданатын. Ал осы сөздің дәлме-дәл мағынасы «Мәсіхтің тобына жатушылар» немесе «Мәсіхтің жолын қуушылар» дегенді білдіреді, яғни бұл мағына түсіндірме сөздіктегі анықтамаға жақын.
Өкінішке орай, уақыт өте келе «мәсіхші» деген сөздің негізгі зор мағынасы жоғала бастады. Осы сөз Мәсіхтің жолын қуушылар жайлы емес, діндар немесе тақуасымақ кісілер жайлы айтылған кезде қолданылатын болып кетті. Иса Мәсіхке сенбейтін көптеген кісілер «мәсіхшілерге» жататын ұлт ортасында өмір сүргеніне немесе шіркеуге барғанына бола өздерін мәсіхші деп есептейді. Алайда біз өзімізден жағдайы нашар біреуге қайыр-садақа беру, шіркеуге бару немесе жақсы адам болуға тырысу арқылы мәсіхші бола алмаймыз. Ізгі хабар таратушы бауырластарымыздың біреуі былай деген: «Адам гаражға кіргеннен машинаға айналмайды ғой. Сол сияқты шіркеуге барғаннан адам да дереу мәсіхші болып кетпейді». Яғни шіркеудің мүшесі болу, ұдайы жиналыстарға қатынасу, шіркеудің қызметіне құрбандық беру арқылы біз мәсіхші бола алмаймыз.
Киелі кітапта біздің игі істеріміз арқылы Құдайдың рақымына ие бола алмайтынымыз туралы айтылған. Титке арналған хаттың 3:5-аятында былай жазылған: «...Ол бізді жасаған әділ істерімізге бола емес, Өзінің мейіріміне бола күнәдан жуып тазартып, Киелі Рухы арқылы рухани қайта туғызып жаңартты». Сондықтан Құдайдан «рухани туылған» (Жохан 3:3,7; Петір 1-хат 1:23) және Иса Мәсіхке сенім артқан адам ғана мәсіхші болып табылады. Ефестіктерге арналған хаттың 2:8-аятында былай делінген: «Себебі Құдайдың рақымымен, Мәсіхке деген сенімдерің арқылы құтқарылдыңдар. Бұл - өздеріңнің жетістіктерің емес, Құдайдан келген сый». Шынайы мәсіхші - өз күнәларын мойындап, Иса Мәсіхке сенім артқан адам. Мұндайлардың сенімі - бір пайдасыз діннің жолымен жүру емес, сондай-ақ адамдар шығарған ережелерді әлде рұқсат етілген немесе тыйым салынған істердің тізімін ұстану да емес.
Иса Мәсіхтің біздің күнәларымыз үшін айқышта өлгеніне және Оның үш күннен кейін қайта тіріліп өлімді жеңгеніне, сонымен бірге Оның Оған сенім артқан барлық адамдарға мәңгілік өмір сыйлайтынына сенген адам - шынайы мәсіхші болып табылады. Жохан жазған Ізгі хабардың 1:12-аятында былай жазылған: «Бірақ Оны қабылдап, Оған сенім арқандардың бәрін Ол Құдайдың рухани балалары болуға құқықты етті». Шынайы мәсіхші – Құдайдың баласы, яғни Құдайдың отбасының мүшесі, Мәсіхпен тығыз байланыста жаңадан өмір сүріп жатқан адам. Шынайы мәсіхшінің ерекше қасиеті - маңайындағы адамдарға сүйіспеншілік көрсету және Құдай Сөзіне мойынсұну болып табылады (Жохан.1-хаты 2:4,10).
Сіз осы жерде айтылғанды оқығаннан кейін Мәсіхті қабылдау жайында шешім жасадыңыз ба? Егер «иә» десеңіз, онда, «Мен бүгін Мәсіхті қабылдадым» деген түймені басыңыз.
English
Мәсіхші деген кім?